Ассаламуалейкум уә рахматуллахи уә бәрәкәтух!
Анаға құрмет!
Аллаһ Тағала Ниса сүресінің, 36 аятында «ата-анаға жақсылық істеңдер» деп бұйырды. Исламда әйел адамның орны ұлық. Өйткені, әйел адам ең бірінші орында – ана. Жаратушысының мейіріміне лайық болып жәннәтқа кіруден үміттенген пенде анасының разылығын алуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жәннәт ананың аяғының астында» - деп 14 ғасыр бұрын бекер айтпған. Соңғы қажылығында Расулуллаһ (ғ.с.с.): «Жәннәт сендердің аналарыңның аяғының астында. Ал, сендердің апа-қарындастарың, нағашы, жиен әйел туыстарыңның барлығы да ана емес пе?» - деп айтқан. Яғни, саналы адам әйел кісіні жылында бір күн немесе өмірінде бір жыл емес, өмір бойы сыйлауы тиіс.
Бір кісі Нәбиге (с.а.с.) келіп: «Маған не бұйырасыз?» деді. Ол (с.а.с.): «Анаңа жақсылық істе» - деді. Кейін қайтып келіп: «Анаңа жақсылық істе» - деді. Кейін қайта келіп: «Анаңа жақсылық істе» - деді. Кейін төртінші рет қайта келіп: «Әкеңе жақсылқ істе» - деді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Мен Аллаһ Тағала үшін анаға жақсылық істеуден артық амалды белмеймін» деген екен.
Пайғамбарымыз: «Ата-анасына жақсылық етуші қуанышқа бөленсін! Аллаһ Тағала оның ғұмырын ұзақ етсін» - деп дұға еткен. Анамыздың қасиетті ақ сүтін ақтауға тырысайық ағайын.
Ананы құрметтеңдер, аялаңдар!!!
- Сенің бір жасыңда, анаң сені емізді, артыңды жуып, тазалады. Бұның рахметіне сен түні бойы жыладың.
- Сен екі жасқа толғаныңда, анаң саған жүруді үйретті. Ал сен болсаң, анаң шақырғанда қашатын едің.
- Сен үш жасқа толғаныңда, анаң саған ең дәмді тағамдар әзірледі. Ал сен болсаң табақтарды жерге лақтырдың.
- Сен төрт жасқа келгеніңде, қолыңа қалам беріп, жазуды үйретті. Ал сен болсаң дуалдарды шимақтадың.
- Бес жасқа толғаныңда, анаң сені әдемі киімдермен киіндірді, бұның рахметіне сен үйге кір-қожалақ болып оралар едің.
- Алты жасқа толғаныңда, анаң сені мектеп қабырғасына алып келді. Ал сен болсаң «оқымаймын» деп, «бақырып жылап» сабақтан қаштың.
- Он жасқа толғаныңда, анаң сені құшағына алу үшін мектептен қашан келер екен деп сарғая күтіп отырды. Ал сен болсаң дереу бөлмеңе қарай асықтың.
- Сен он сегізге толып, ер жеткеніңде, анаң балам «есейді» деп көзіне жас алды. Ал сен болсаң мен «машина» мінгім келеді дедің.
- Жасың жиырмаға толғаныңда, анаң «балам біршама уақыт үйде отыршы» деп өтінді, ал сен болсаң бар уақытыңды достарыңа ысырап еттің.
- Сен жиырма беске келгеніңде, анаң той жасап сені үйлендірді. Ал сен болсаң «лажы болса үйден ұзақ болайын» деп анаңды тастап, әйеліңмен бірге еншіңді алып кеттің.
- Жасың отызға толып бала-шағалы болғаныңда, анаң «бала тәрбиесінде» көмек бергісі келді. Ал сен болсаң «менің жеке басымның тірлігіне, жеке өміріме» араласпа дедің.
- Сен отыз беске келгеніңде, анаң сені «тамақтануға» үйіне шақырды. Ал сен болсаң, «тығыз шаруаларым көп, уақытым жоқ» дедің.
- Сен қырыққа келгеніңде, анаң саған телефон соғып «балам мен науқаспын, сенің қолғабысыңа мұқтажбын» дегенде, сен «ата-ананың проблемалары балаларын мазалайды» дедің.
- Бір күні «анаң» о дүниеге аттанады. Ананың балаға деген махаббаты өзімен бірге кетеді. Білгін, ананың о дүниеге аттануымен, сен үшін «жәннат есіктерінің» бірі жабылады. Егерде сенің анаң әлі күнге дейін тірі болса, оны жалғыз қалдырма. Қолыңнан келгенше анаңа жақсылық істе. Ол қандай сөз айтса да, анаңды бақытты қылуға тырыс. Ешуақытта анаңа ашуланушы болма. Оның саған деген махаббаты орналас-қан «жүрегін» жаралайтын ауыр сөздер айтушы болма.
- Сенің жалғыз ғана «анаң» бар.
Ізгі тілекпен Н.Төреқұлов мешітінің имамы: Ұлықбек Алиакбарұлы.