Сүре сөздікте «жоғар мәртебе», «абырой», «ғимараттың қабаттары» деген мағыналарды білдіреді. Терминдік мағынасында «Аяттардан құралатын, басы және соңы бар Құран бөлімдері».
Құран Кәрімде жүз он төрт сүре бар. Олардың ішіндегі ең қысқасы үш аяттан тұратын «Кәусәр» сүресі. Ал ең ұзын сүре екі жүз сексен алты аяттан тұратын «Бақара» сүресі.
Сүре атаулары қиссаларда аталып өткен тұлғалардың, қауымдардың атымен немесе сүренің алғашқы сөзімен аталады. Әрбір сүренің бір-бір атауы болғанымен, кейбір сүрелердің бірнеше атауы бар. Атап айтқанда, Фатиха сүресі – уммул-китаб, әл-кәнзу, әш-шифа, әс-сабуъл-мәсәни; Ясин сүресі – қалбуль-құран; Инсан сүресі – дәһр т.б. деген сияқты. Бұл арада Құран сүрелеріне берілген атаулардың тәуқифи әрі ижтиһади екендігін білдіретін деректерді кездестіруге болатындығын айта кеткен жөн. Алайда тәуқифи екендігін айту шындыққа жанасымды болса керек. Өйткені, ижтиһади екендігін мойындар болсақ және бұл жағдайдың әлі де жалғасып келе жатқанын айтатын болсақ, әрбір тәпсірші сүрелерге өздігінше ат қоюға құмартып кірісер еді.
Құран сүрелерін қамтитын аяттар саны жағынан бірнеше бөлімдерге бөлінеді. Осы тұрғыдан алғанда аяттар саны жүзден асатындарды «тыйуәл», аят саны жүз шақты әлде жүзден сәл асатындары «миьун», саны жағынан аяттары қысқа болғандарға «муфассал» деп атайды.
Сүрелер жалпы алғанда меккелік және мәдиналық болып екіге бөлінеді. Бұл мәселеде Ислам ғалымдарының көзқарастарында бір ізділік жоқ. Өйткені, олардың бір тобы аталмыш мәселеде мекенді, екінші бір тобы хижретті, ал келесі бір тобы үндеуді (хитаб) негізге алған. Алайда, көбіне хижретті негізге алғандардың пікір-көзқарастары мақұлданады. Осы тұрғыдан хижреттен бұрын түскен сүрелер – меккелік, ал кейін түскендері – мәдиналық болып қабылданған.
Сүрелердің орналасу тәртібі
Сүрелердің орналасуы жайында Ислам ғалымдары арасында ортақ пікір жоқ. Негізінде осы мәселе турасында айтылған көзқарастарды үш топқа бөліп қарастыруға болады:
1.Сүрелердің ижтиһади орналасуы
Яғни, сахабалар зерттеп-зерделеу нәтижесінде тоқтаған өз тұжырымдарына сүйене отырып орналастырған. Бұл турасында Имам Малик «Сахабалар Пайғамбардан (с.а.у.) есітіп, жаттаған Құран сүрелерін өз ижтиһадтарына сүйене отырып орналастырған» деген пікірді айтуда. Дәл сол секілді әл-Бақиллани да мусхафтардағы сүрелердің орналасуы сахабалардың ижтиһадтарына сүйенетіндігін айтқан. Бұл пікірді ұстанатындар хазіреті Османның Құранды истинсах (көшіріп), көбейттіру барысында жаңадан басқа бір тәртіппен орналастыртқанын, сондай-ақ, хазіреті Али, Абдуллаһ ибн Мәсғуд және Убай ибн Кааб сияқты жеке мусхаф жазып алған сахабалардың мусхафтарындағы сүрелердің орналасу тәртібінің әр түрлі екенін дәлел келтіре отырып, осындай тұжырымға келген.
2.Сүрелердің тәуқифи орналасуы
Сүрелер Аллаһ Тағаланың білдіруі арқылы Пайғамбардың бұйрығымен орналасқан. Ибнул-Әнбари бұл турасында былай дейді: «Жалпы алғанда сүрелер бір оқиғаға байланысты, ал аяттар болса бір мәселе жайында қойылған сұрақтың жауабы ретінде түсетін. Жәбірейіл періште уахи алып келгенде Пайғамбарға (с.а.у.) әрбір сүренің орнын білдіріп отыратын. Сүрелердің тәртібі бейне бір аят немесе әріптердің тәртібі секілді. Бұлардың барлығы дерлік Аллаһтың елшісі (с.а.у.) тарапынан жасалатын. Сол себепті кімде-кім бір сүренің орнын өзгертетін болса Құран Кәрімнің тәртібін бұзған болып есептеледі». Сондай-ақ Фахруддин Рази меккелік және мәдиналық сүрелердің топқа бөлінбей араласып орналасуы сүрелердің «тәуқифи» екендігін көрсетеді. Мысалы, «Кәфирун» сүресі Меккеде алғаш түскен сүре болса да кейінірек Мәдинада түскен «Насыр» сүресімен қатар орналасқан. Міне, осы жағдай сүрелердің орналасу тәртібінің Аллаһтың әмірімен болғандығына айғақ екендігін айтуда. Сонымен қатар ғалым Субхи Салих сүрелердің бүгінгі мусхафтардағыдай орналасуы уахи арқылы болғанын айтып, сахабалардың қолындағы басқа тәртіп бойынша жасалған мусхафтарына қатысты мынадай көзқарас айтады. «Сахабалардың жеке мусхафтарындағы тәртіп олардың өзіндік тәсілдеріне тән қойылған. Олар ешкімді өздерінде орналасқан тәртіп бойынша орналастырыңдар деп мәжбүрлемеген. Олар қолдарындағы тәртіпті басқалары үшін емес, өздері үшін жазған. Кейіннен мұсылмандар хазіреті Османның заманында орналастырылған сүрелердің тәртібін дұрыс деп санап, соған қарай сүрелерді орналастырған соң, бұрынғы жүйелерінен олар да бас тартқан».
3.Сүрелердің бір бөлімі тәуқифи, бір бөлімі ижтиһади
Кейбір Ислам ғалымдары Құрандағы сүрелердің бір бөлімі Пайғамбар тарапынан орналастырылған, ал бір бөлімі болса үмметке қалдырылған деген пікірді ұстанады. Мысалы, тәпсірші ғалым Ибн Атийя бұл мәселе жайында былай дейді: «Әс-сәбъут-тиуәл» (жеті ұзын сүре), «хауамим» («ха мим» деп басталатын жеті сүре) және «әл-муфассал» (қысқа сүрелер) сияқты бірнеше сүре Пайғамбар тарапынан орналастырылған, бұлардан өзге сүрелер кейінгілерге қалдырылған».
Қорыта айтқанда сүрелердің орналасу тәртібінің тәуқифи екендігі шындыққа жанасымды болса керек. Өйткені, бұл мәселеде басым көзқарас айтылған. Сонымен қатар Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) әр жылы Рамазан айында сол жылға дейін түскен сүрелерді Жәбірейіл періштеге оқып отырған. Әсіресе, дүние салар жылы Рамазан айында Құранды бастан-аяқ екі рет оқыған. Әлбетте, қолдарында түпнұсқалары бар және Құранды жатқа білетін сахабалар Аллаһ елшісінің Құран оқығанын есітіп, түпнұсқалары мен жаттағандарын тексеріп отырған. Ендеше, Аллаһ елшісінің оқыған Құранын бастан-аяқ естіген сахабалар кейіннен өз ойларымен сүрелерді орналастыруы мүмкін емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ақырғы рет Жәбірейілге Құранды белгілі бір тәртіппен оқыса, неге сахабалар басқаша жазып, өзгертсін?!